Фото: BAQ.KZ
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Бұл науқанға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабына сәйкес, қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бүгінгі таңда өңірлердің мәслихаттарының шешімімен 2,2 млрд теңге бөлініп отыр», - деді Сәбила Мұстафина Орталық сайлау комиссиясының отырысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, бұл - бүгінге дейін белгілі болып отырған сома. Алдағы уақытта ол өзгеруі де мүмкін. Өйткені, кейбір өңірлердің аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттан қосымша қаражат сұрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 17 облыстың мәслихаты пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітті. Оның ішінде 3 қала және 42 аудан бар. Сайлау 5 қарашада өтеді.