Атырауда жүргізуші әйелдің 1 млн теңгеден асатын 54 айыппұлын төлемегені анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір аптада айыппұлын төлемей жүрген 56 автокөліктің иесі анықталған.
«Аталған автокөліктердің жүргізушілері жылдамдықты асыру, жол белгісі талаптарын орындамау, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту фактілерімен «Сергек» камераларына түскен.
Патрульдік полиция қызметкерлері 30 шілдеде сағат 11:10 шамасында Махамбет көшесі мен Бейбарыс даңғылының қиылысында «Тoyota Camry» автокөлігін тоқтатты. Армениядан әкелінген көлікті 1974 жылы туған әйел басқарған. Тексеру кезінде аталған көлік иесінің 1 млн 38 452 теңгені құрайтын 54 айыппұлды төлемегені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес айыппұлы төленбеген армениялық көлік арнаулы тұраққа қойылды.