Атырауда ұсталған медбике жалған вакцина паспортын 10 мың теңгеге сатқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жалған вакцина паспортын жасаған медбике бүгін, 31 шілдеде ұсталған.
«Полицейлер облыстық әкімдік және прокуратура қызметкерлерімен бірге жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 40 жастағы медбикені ұстады. Ол еgov.kz ақпараттық жүйесіне «Covid-19» инфекциясына қарсы вакцина алу туралы ақпарат нақты егілмеген адамдарға ақшалай сыйақы үшін енгізумен айналысқан. Күдікті жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын мойындады» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған медбикеге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.