13 сәу, 2026 сағат 15:25

147 млн теңгенің уылдырық дауы: Атырауда заңсыз сатып алу тоқтатылды


Фото: qazaqstan.tv


Атырауда «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мемлекеттік кәсіпорны 147,4 млн теңгеге бекіре балықтарының уылдырығын сатып алуды жоспарлаған. Алайда бұл бастама прокуратураның араласуымен тоқтатылды, деп хабарлайды Атырау облысының прокуратурасы.


Атырау облысының прокуратурасы бюджет қаражатының мақсатты әрі заңды жұмсалуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Талдау барысында зауыттың мемлекеттік сатып алу порталында уылдырық сатып алу туралы хабарландыру жариялағаны анықталған.


Алайда «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңның 11-1-бабына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындарға бекіре тұқымдас балық уылдырығын сатып алуға тыйым салынған.


Осыған байланысты прокуратура бұл сатып алудың заң талаптарына қайшы екенін анықтап, тиісті қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу күші жойылып, 147 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды.


Қазір бұл саладағы заңдылықтың сақталуы табиғат қорғау прокуратурасының тұрақты бақылауында.