Атыраулық полицейлер суға батқан жасөспірімдерге алғаш болып көмекке келген батыр бала Дінмұхаммедті марапаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күні суға батқан жасөспірімдерге алғаш болып көмекке келген Дінмұхаммедтің батыл әрекеті көпшілікті тәнті еткен болатын. 8 жаста болса да өзінен үлкен балаларға көмекке келген Дінмұхаммед Жаңбырбай Атырау қаласындағы №3 мектептің 3-сынып оқушысын бүгін Атырау облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев арнайы барып департамент бастығының алғыс хатымен марапаттады.
"Өз елінің ер-азаматы өз елінің патриоты болу керек. Жігіт жеті жасынан танылады дейді. Дінмұхаммедтің қорықпай жасаған қадамы басқа балалардың аман қалуына септігін тигізді. Жарайсың, осындай жігіттің өсіп келе жатқаны мақтаныш. Сендей ұл өсіріп отырған ата-анаңа рақмет! Әрдайым қатарластарыңа үлгі бол. Сенің батырлығыңды еліміздің барлық өңірі, тіпті көршілес елдер көріп таңғалып жатыр. Атырауда осындай батыр бала бар екен деген сөздің өзі бізді марқайтып отыр", - деді Ерлан Биғамбаев.
Дінмұхаммед отбасының ортаншы перзенті, отбасында әпкесі және інісі бар. Ата-анасы ұлдарының ерлік әрекетінің бейнежазбадан көріп таңғалғандарын жасырмады. Сол күні әкесі балаларына өзенге бармау керегін ескерткен, содан болар ол балалардың артынан ілескенімен мұз үстіне шығып ойнауға асықпаған. Бірақ көмек керек балаларға тартынбастан барды.
"Мен өмірімді ойламай, қорықпай, достарымды құтқардым. Олар маған рақмет айтты, содан 6 полицей келгенін білемін. Әкем өзенге барма дегесін ұрсама деп ойладым, әкем ұрысқан жоқ", - деді Дінмұхаммед Жаңбырбай.