Атырауда шетелдік бойжеткеннің 3 100 долларын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, Атырауда жыл басынан бері 78 пәтер ұрлығы тіркелген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 33 пайызға төмен. Атырау қаласында пәтер ұрлығына қатысы бар 15 адам есепке алынған.
«Тұрғындардың жеке мүліктерін ұрлау деректері әсіресе қала аумағында орналасқан пәтерлер мен жеке меншік үйлердің терезесін майыстыру, кілтін үйлестіру немесе есігін бұзып кіру арқылы орын алып отыр. Мәселен, 11 маусымда белгісіз адам Атырау қаласының Владимирский көшесіндегі пәтерлердің біріне заңсыз кіріп, Сьерра-Леоне елінен келген 19 жастағы бойжеткеннің қара түсті сөмкесінен жалпы құны 3 100 АҚШ долларын (1 325 343 теңге) жасырын жымқырып, қашып кеткен. Жедел іздестіру кезінде Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті анықтап, ұстады. Күдіктіден айғақ зат тәркіленіп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды» - дейді Қамза Үмбетқалиев.