Атырауда бөтеннің көлігін ұрлаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 күн бұрын іздеу салынған 17 жастағы жасөспірім бөтеннің көлігін ұрлаған.
«Полицияның кезекші бөліміне Атырау қаласының 39 жастағы тұрғынынан үй ауласында тұрған көліктің ұрланғаны туралы шағым түсті. Осыған байланысты полицейлер жедел-іздестіру жұмысын жүргізіп, ұрланған көлікті Исатай ауданынан тапты. Көлік ұрлығына күдікті 17 жастағы жасөспірім ұсталды. Он күн бұрын үйінен шығып кетіп, оралмаған жасөспірім ұрланған көлікпен саяхат жасамақ болғанын мойындады. Автокөлік иесіне қайтарылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.