30 шіл, 2021 сағат 16:33

Атырауда әйелін ұрып-соққан ер адам 7 күнге қамалды


Атырауда отбасының шырқын бұзып, әйелін ұрған ер адам 7 күнге қамалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атырау қаласы полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Нұргүл Сарсенованың айтуынша, жыл басынан бері отбасы-тұрмыс қатынасына қатысты 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

«Отбасының тыныштығын бұзғандарға ҚР Әкімішілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай құқық бұзушының бірі – 35 жастағы тұрғын. Ол заңды некедегі әйелін ұрып-соғып, отбасында жанжал шығарған. Тексеру кезінде ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік орын алғаны анықталды» -дейді Нұргүл Сәрсенова.

Зайыбына қол көтерген азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2 бабы 1-1-бөлімімен (ұрып-соғу, тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау) әкімшілік хаттама толтырылды. Сот сот шешімімен 35 жастағы тұрғын 7 күнге әкімшілік қамауға алынды.