Атырауда 60 адамды жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырауда Қызылорда облысының тұрғыны «Теңіз кенішіне жұмысқа орналастырамын» деп 60-қа жуық адамның ақшасын алған.
«Жұмыс іздеп, қалтасы қағылған тұрғындар алғашқыда жалған келісімшарт жасағанын білмейді. Себебі, алаяқтық қылмыс егжей-тегжей ұйымдастырылған. Оның дәлелі жасалған төлемдерге берілген түбіртектер. 39 жастағы алаяқ азаматтардың 50 миллионнан астам теңгесін қалтасына басқан. Алданғандардың арасында атыраулықтардан бөлек Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарының тұрғындарындары да бар», - деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, күдікті бастапқыда «Talapker & Company» ЖШС-і арқылы жұмыс іздеп келген азаматтарға лайықты кеңсе іздеген. Сөйтіп, Құлсары қаласының Орталық ықшам ауданынан кеңсені жалға алған. Осылайша, өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін бірнеше қызметкерді ешқандай келісімшартсыз жұмысқа алып, оларға қолма-қол жалақы төлеп отырған.
«Азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнату үшін 47 және 29 жастағы екі танысын пайдаланған. Келісімшарт үлгілерін көрсетіп, екеуіне әр тапқан адамы үшін ақша беретіне сендіреді. Жұмысқа орналасу ақысы 150 000-450 000 теңге аралығын құраған. «Тalapker & Company» ЖШС-нің атқарушы басшысы алаяқтық әрекеті үшін сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды» - деп дейді Қамза Үмбетқалиев.