07 ақп, 2023 сағат 02:26

Атырау перзентханасында өріп жүрген тышқан жүкті әйелдерді шошытты

Сурет: "Астана" арнасы

Атырауда перзентхана палатасында өріп жүрген тышқандар жүкті келіншектерді шошытты. Видеоны босануға дейінгі бөлімшеде жатқан әйелдердің бірі жариялаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Онда кеміргіштердің келіншектер жатқан палатада емін-еркін жүргенін көруге болады. "Ақ халаттыларға ескерткенімізбен, ешқандай шара қолданбады", - дейді автор.

Алайда, дәрігерлер бұл жайттан хабардар болып шықты.

Перинаталдық орталық негізгі ғимаратының күрделі жөндеуіне байланысты модульді ауруханаға уақытша көшірілген. Ал модульді аурухана қаладан алыс, жазық далада орналасқандықтан, оның үстіне құрастырылған ғимарат болғандықтан, іргетасы жоқ.

Дәрігерлердің айтуынша, тышқан бұған дейін әкімшілік және шаруашылық бөлімдерінен де көрінген. "Ал жүкті әйелдер жатқан бөлімшелерде болмады", - дейді олар. Ақ халаттылар залалсыздандыру жұмыстары да уақытымен жүргізілгенін айтып отыр.

"Әкімшілік, шаруашылық бөліктен көрдік. Бөлімшеде біз үнемі жоспарлы деротизациялық жұмыс жүргіземіз және бұған дейін болған жоқ еді. Антропоноздық инфекцияның ошағы деп айтылады, бірақ бұл дала тышқаны ондай қауіп тудырмайды. Иә, әрине болмағаны жөн. Енді деротизациялық жұмысты жиілетіміз, айына бір рет болса, енді осы айдан бастап екі рет өткіземіз", - дейді облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-эпидемиологы Эльмира Ерғалиева.