Атырау облысында өзгелерден дене бітімі ерекше, алып тұлғалы Парасат НҰРҒАЛИЕВ есімді жігіт тұрады. Бүгінде Парасаттың бойы 2 метр 15 сантиметр, ал салмағы 150 килограмм болса, аяқ киім өлшемі 56-ға жеткен.
Индер ауданы Жарсуат округіне қарасты Құрылыс ауылының ерекше тұрғыны туралы жергілікті "АқЖайық" порталы жазды.
«ҚАШАН ДҰРЫС АЯҚ КИІМ КИГЕНІМДІ ҰМЫТЫП ҚАЛДЫМ»
Айтса айтқандай, ерекше дене бітіміне орай киім тауып кию Парасатты жиі ойландыратын. Кез-келген сауда орнынан оған шақ киім табу мүмкін емес, оған арнайы тігінші керек еді. Тігінші туысы алып жігітке киімді өзі тігіп беріп отырған. Ал аяқ киімді табуға қиналатын. Алыптың аяғына баратыны резіңке сланцы ғана. Күн суып, қыс түскенде, қар еріген кездерде далаға аттап шыға алмаған кездері болыпты. Сондықтан Байғали Өтеманов бастаған ауылдастары оған көмектесуге бел буып, аяғының өлшеміне сай аяқ киімге тапсырыс берген.
- Қазақтың алыбы Қажымұқан атамыздың аяқ киімі 54-ші өлшем болыпты. Ал Парасаттың аяғы одан да үлкен. Оған шақ келер аяқ киімді тіктіру үшін бірталай жерге хабарластым, біраз тігіншімен сөйлестім. Аяғының үлкендігін білгесін бәрі қарсылық білдіре бастады. Тіпті Астанаға шақырған аяқ киім тігіншілері болды, онда Парасатты апару үшін аяғына аяқ киім керек қой. Сөйтіп қиналып жүргенімде Алматыдан тігінші Валерий ВОРОНИН ғана келісім берді. Шебердің айтуынша, ол 40 жыл етік тігумен айналысқанда 49-шы өлшемнен артық аяқ киім тікпеген. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа, Роза Бағлановаға арнайы аяқ киім тіккен шебер екен. Бір жағынан қызығушылық танытқан ол 56-шы размерлі қалыбы жоқтығына қарамастан тігіп шығуға уәде берді, онысын орындады да. 52-ші размерлі қалыпты үлкейтіп, 20 күннің айналасында 200 мың (жалпы 350 мың теңгеге тігеді екен) теңгеге осы аяқ киімді тігіп берді. Кеше ғана келді, бұл күздік аяқ киім, ал киіп көр, Парасат, - деді ауылдасы Байғали Өтеманов күлімдеп.
Жақсы былғарыдан тігілген, қызғылт қоңыр түсті аяқ киімді көрген Парасат балаша қуанып:
- Мұндай аяқ киімді қашан кигенімді ұмытып қалыппын, - деді.
Әрі-бері жүріп көрді, аяғына құйып қойғандай жараса кетті. Киіп келген сланцыйын ойланбастан қоқысқа тастады.
- Қалай екен, Парасат?
- Во! - дейді ол бас бармағын көрсетіп.
Өтемановтың айтуынша, ауыл жігіттері қысқы аяқ киімге де тапсырыс беріп қойған.
АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ
Осы айдың аяғында 27 жасқа толатын Парасат отбасындағы ең кенжесі екен. Бес ағайынды жігіттің үшеуі үйленіп өз алдына отау тіксе, әпкесі де тұрмысқа шыққан. Парасат 2014 жылы Құрылыс орта мектебін бітіріп, Атыраудан темір пісіруші мамандығын алып шыққан.
- Әкем Серікқали қайтыс болған, анам Қоңырша екеуміз бірге тұрамыз. Анам айтатын, сен ерекше салмақта туылмағансың, көппен бірдей болдың деп.
- Жалпы ірілік ататекте болған ба?
- Менің әжем Әуез аса етжеңді болмағанымен, сүйекті, ірі болған. Әкем де осал болған жоқ, жауырынды, денелі еді, қолының өзі дәу болатын. Мені көргендер әкеңе тартқансың дейді. Ал ағаларым мендей емес, бойлары орташа.
- Дене бітіміңдегі өзгерісті қашан сезіндің?
- Мен басқа балалар сияқты болғаныммен, 6-сыныпта оқып жүргенде денемдегі ерекшелікті байқай бастадым. Біртүрлі сүйектерім өсе бастағандай ма, аяқтарым ұйып, біртүрлі сезімде болдым. Киімдер кішкентай бола бастады, бойым тез өсіп, аяғым үлкейіп кетті. 9-10-шы сынып оқып жүргенімде аяқ киім табу проблема бола бастады, 50-ші размерге жетті. Ал ондай аяқкиім табу өте қиынға соқты. Мектепті бітірерде салмағым 120 кг, ал бойым 2 метрге жетті. Денсаулығымда еш кінарат болған емес.
АЛЫПҚА ДА ЖҰМЫС КЕРЕК
- Жалпы бойыңның ұзындығы кедергі келтірмей ме?
- Жоқ, мен үйреніп кеттім.
- Қазір не жұмыс жасап жүрсің?
- Менде тұрақты жұмыс жоқ, көбіне үйлердің іргетасына лай құюда, сылақ сылауда жүрмін. Жұмыстан шаршамаймын, қазір төрт адам болып іргетасын құюмен айналысудамыз. Ауылдың «қара жұмысымен» айналысамын. Өз мамандығыммен жұмыс жасаған емеспін.
- Парасат, арманың қандай?
- Оны да айту керек пе? Құпия болып қалсыншы.
Сөзге сараң болғанымен, қара күштің иесі Парасат жолдастарымен жақсы араласып тұрады екен. Оны ауыл адамдары жақсы көреді. Алып жігіттің ірілігіне таң қалып, суреттерге түсірумен болдым. Бойы 1 метр 70 см Байғали оның қасында «баласындай» болып қалды. Қолымызды салыстырып көрдік, саусақтары өте ірі. Менің қолым оның жартысындай ғана.
- Үнемі қара жұмыс табыла бере ме, тұрақты өз кәсібі оған таптырмайтыны түсінікті. Гиннестің рекордтар кітабына сұранып тұрған Парасаттың өмірі өзгеше болу керек, - дейді ауылдастары.