26 қыр, 2023 сағат 18:04

Атырау әкімдігі шенеуніктерінің қамауға алынуы: істің мән-жайы белгілі болды

Фото: wirestock/ Freepik

Атырау облысының прокуратурасы жер қатынастары және сәулет бөлімінің, сондай-ақ Атырау қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істің мән-жайын айтты, деп хабарлайды AtyrauPress сайты.

Мемлекетке бір миллиард теңгеден астам шығын келген. 

"Бұл - жер қатынастары және сәулет бөлімінің бұрынғы басшылары және қазіргі Атырау әкімі аппаратының заң бөлімі басшысы. Олар жер телімдерін беру және олардың нысаналы мақсатын анықтау кезінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Деректі прокуратура органдары Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық") және Қылмыстық кодекстің 361-бабы ("Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша тіркеді", - деді облыс прокуратурасының өкілдері.

Қылмысқа күдіктілер Атырау қаласының бас жоспары бойынша тұрғын үй салуға тыйым салынған және қарастырылмаған демалыс аймағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін берген. Кейбір аудандарда  құрылыс жүріп жатыр.    

"Бұрынғы шенеуніктер берген барлық жер теліміне бұғат қойылды. Мемлекетке бір миллиард теңгеден аса шығын келтірілді. Екі күдікті қамауға, үшіншісі үйқамаққа алынды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайды", - деп қорытындылады қадағалау органы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жер телімдерін беру кезіндегі алаяқтық әрекеттері үшін жер қатынастары және сәулет бөлімінің бұрынғы басшылары, сондай-ақ Атырау қаласы әкімі аппаратының қазіргі заң бөлімінің басшысы күдікке ілінген.