Жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 504 мың адамды құрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылы мемлекеттік бюджетте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу үшін 28,9 миллиард теңге, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 18,4 миллиард теңге және жергілікті бюджеттен 10,6 миллиард теңге бөлу көзделген. 2018 жылғы 9 айға атаулы әлеуметтік көмек төлемдерінің сомасы 19,5 миллиард теңгені немесе 67,4 пайызды құрады», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің едәуір игерілуі мына аймақтарда байқалды: Түркістан облысында (100%), Шығыс Қазақстан облысында (99,5%), Солтүстік Қазақстан облысында (99,1%), Павлодар облысында (91%), сондай-ақ Шымкент қаласында (99,9%).
Ал Алматы қаласында (16,9%), Астана қаласында (34,4%), сондай-ақ Маңғыстау облысында (46,8%) бөлінген трансферттер төмен деңгейде игерілген.
«9 айдың қорытындысы бойынша жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 504 мың адамды немесе 97,3 мың отбасын құрайды. Оның ішінде 72,4 мың адам немесе атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 14,4 пайызы шартсыз ақшалай көмек, ал 431,6 мың адам, яғни 85,6 пайызы шартты ақшалай көмек алады», - деді ведомство басшысы.
Өңірлер бөлінісінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың көбі Түркістан облысында - 34,8 пайыз, Жамбыл облысында - 11,7 пайыз, Алматы облысында - 10,7, Қызылорда облысында - 7, сондай-ақ Шымкент қаласында - 9,7 пайыз.
Сонымен қатар, министр атаулы әлеуметтік көмек құрылымында балалы отбасылар басым екенін айтты.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрылымында балалы отбасылар басым. Олар шамамен 41 пайызын құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7 пайызы оңтүстік өңірлерде тұрады. Атап айтқанда, Шымкент қаласында, Түркістан облысында, Қызылорда облысында, Жамбыл облысында және Алматы облысында орналасқан», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың құрылымында 25 пайызын толық емес отбасы құрады. Бұдан басқа, шартсыз ақшалай көмек алушылардың құрамында толық емес отбасылардың үлесі 87,4 пайыз.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан әлеуметтік статустар бөлінісінде балалардың саны көбірек - 321,1 мың бала немесе 63,7 пайыз», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Басқа санаттарға төмендегі адамдар кіреді: балаларға, мүгедектерге, қарттарға күтім көрсетумен айналысатын адамдар - 18,6 пайыз (тоқсан үш мың жеті жүз адам); көмекке жүгінген сәтте жұмыс істеп жүрген адамдар - 8,4 пайыз ( қырық екі мың екі жүз адам); өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 4,7 пайыз) ( жиырма үш мың жеті жүз адам); жұмыссыздар - 1,8 пайыз.
Сондай-ақ студенттер - 2,1 пайыз (он мың төрт жүз адам); мүгедектер - 0,5 пайыз (екі мың алты жүз адам); зейнеткерлер - 0,3 пайыз ( бір мың төрт жүз адам).
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталып жатқанын мәлім етті.
Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты мәліметтерді жариялады.