«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов ел аумағында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту барысы жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017-2020 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 151 528 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Оқытылғандардың қатарынан 40 мыңнан астам жоба іске қосылды. 4 жыл ішінде олар ел аумағында 60 мыңнан астам жұмыс орнын ашты», - деді Н. Әбілшайықов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мыңнан астам адамды оқуты жоспарланған. 2021 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» қатысушыларының жобаларын қаржыландыру үшін 22,5 млрд теңге бөлінді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП-ның Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов «Атамекен» микроқаржылық ұйымдарды ел аумағында ашқанын еске салды. Биылғы 15 шілдеден бастап микроқаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Өңірлерде жаңадан бастаған кәсіпкерлерден жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 600-ден астам өтінім қабылданды.
«Ауылдық жерлерде 7 млн теңгеге дейін несие бере аламыз. Қалалық аумақтарда 18 млн теңгеге дейін, сондай-ақ Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 23 млн теңгеге дейін несиені қарастырып отырмыз. Оның шарттарына тоқталсақ, 6 пайыздық жылдық мөлшерлеме ескерілген. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микронесие мерзімі 7 жылға дейін қарастырылған. Бұл жұмыс өте жауапкершілікті талап етеді: біз білгір мамандар командасын құрдық, озық тәжірибені қабылдадық, оның ішінде адами факторды барынша жоюға тырыстық», - деді ол.