Фото: Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, актриса Күләш Қажығалиева қайтыс болды. Бұл туралы Ult.kz Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы хабарды естірту театрдың Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
"ҚР Еңбек сіңірген артисі, Ерен еңбегі үшін және «Еңбек ардагері» медальдерінің иегері, театрымыздың артисі Қажығалиева Күләш Сопқанқызы өмірден өтті", - делінген хабарламада.
Күляш Қажығалиева өзінің еңбек жолын 1969 жылдан бастаған. Ол "Менің атым Қожа" спектаклінде Жанар рөлін, "Қызыл сұңқарлар" қойылымында Маруар рөлін, "Қорқыттың көрі" спектаклінде Қамқа шешенің, Ш. Айтматовтың "Ыстықкөл трагедиясы" қойылымында Кемпір рөлін, Ә.Таразидің "Жақсы адам" спектаклінде Балзияның және А.П. Чеховтың "Шағала" қойылымында Полина Андреевнаның рөлдерін сомдаған.
Театрдың ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Күләш Қажығалиева 1942 жылы 9 маусымда Алматы облысы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1961-1967 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтында "Актриса" мамандығын алған. 1967 жылы жолдамамен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрына актриса болып қабылданған.