Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Астанаға ішкі көшіп келушілер легіне ешқандай шектеулер болмайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова журналистермен кездесуде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев та қатысты.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова журналистерге Мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру үшін ҚР ЕХӘҚМ жанынан жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Оның құрамына Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Астана қаласы және Ақмола облысы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ көші-қон саласындағы сарапшылар кірген.
«Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, шектеу және тыйым салу шараларын белгілеу елордаға көшіп келушілер легінің өсу проблемасын шеше алмайды. Сондықтан ішкі көшіп келушілер үшін Астанаға көшуге қандай да бір тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Тамара Дүйсенова жұмыс тобы халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамаға түзетулер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлегенін айтты.
"Бірінші – азаматтардың республикалық маңызы бар қалаларда және астанада тұрақты тұру мерзімін қайта қарау. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) жалдаған тұрғынжайлар алу мақсатында оларды есепке қою ұсынылады.
Екінші – тұрғын үйлерді, оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерге немесе жеке тұрғын үй қорынан ЖАО жалға алған тұрғын үйге, тұрғын үйлерге, пәтерлерге, сондай-ақ адамдардың тұруы үшін, оның ішінде жалға беру үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайларға беру жөніндегі нормативтерді бекіту ұсынылады.
Үшінші – қаланың құрылысын тиімді салу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Бас жоспардың жобалық шешімдерін, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын және құрылыс салу жобасын қоғамдық талқылауды жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретті беру ұсынылады. Бұл қоғамдық талқылаулар өткізу кезінде елді мекеннің архитектурасын қалыптастыруда және қала құрылысын жоспарлауда қала азаматтарының пікірін ашық және жария ескеруге мүмкіндік береді.
Төртінші – мигранттарды тіркеудің бірыңғай жүйесін құру мақсатында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау" - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, заңнамаға ұсынылған түзетулерді талқылау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.