13 қыр, 2024 сағат 12:54

Астанада запастағы 100 офицер мен сержант әскери жиынға шақырылды


Елордада запастағы әскери қызметкерлер 99255 әскери бөліміне кезекті әскери жиынға шақырылды. Жиын Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің саптық алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Оқу-жаттығу әскери жиындар мобилизациялық ресурстарды дайындау және қайта даярлау, дала дайындығын жақсарту және әскери әрекеттердің үйлесімділігін арттыру мақсатында өткізіледі. Жалпы 100 әскери міндетті адам жиынға шақырылды, олардың 22-сі офицер, ал 78-і сержанттық құрамда.
Әскери жиын кезеңінде жұмысшылардың жұмыс орны, қызметтік лауазымы сақталады, орташа айлық жалақысын алады», — деді Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Айдын Сағынбеков.



Жиындар жоспарлы түрде өткізіліп, 13-22 қыркүйек аралығында жалғасады. 

«Елордада әскери міндеттілерді жинау шаралары дәстүрлі түрде жылына екі рет — көктемде және күзде өткізіледі. Әскери жиын кезеңінде олар әскери мүлікпен, тамақпен және медициналық қызметтермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиындарынан сәтті өткен әскери міндеттілерге келесі әскери атақтар беріледі», — деп атап өтті Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Омар Орынбаев.



Құқықтық бақылау қызметінің бастығы Қалибек Дюсембаев әскери қызметтен 21 жыл өткен соң бұрын алған дағдыларын жаңғыртуға үміттенеді. 

«Әскери жиындар — әскери дағдыларды еске түсіру және дамыту үшін тамаша мүмкіндік. Жиынға шақыру келгенде, мен өз еркіммен, ықыласпен келісіп, Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн көрдім. Әрбір ер адам әскерде қызмет етуі керек деп есептеймін, өйткені бұл тек мемлекет үшін ғана емес, өзіміз үшін де қажет», — деді ол.