07 там, 2023 сағат 11:13

Астанада суға батқан баланы құтқару сәті видеоға түсіп қалды

Фото: Polisia.kz

Суға батқан баланың өмірін сақтап қалған әйел полиция қызметкері болып шықты.

Оқиға Астанадағы қоғамдық бассейндердің бірінде болды. Бала өмірін құтқару сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Видеодан суда ес-түссіз жатқан баланы құтқарушы қыздың шығарып жатқанын байқауға болады. Кейін оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Сол сәтте көмекке демалушы әйелдердің бірі келеді. Ол дереу қимылдармен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қайтарады.


Бассейн қызметкерлері баланы жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін дәрігерлерге тапсырған.

"Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ата-анасы баланы құтқаруға қатысқандардың барлығына алғыстарын білдірді.

Белгілі болғандай, алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйелдің есімі - Назым Шәріпова. Ол “Есіл” ауданының полиция басқармасында анықтаушы болып жұмыс істейді. Сол күні полицей отбасымен бірге демалыста болған.

Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған", - делінген хабарламада.

Фото: Polisia.kz