21 қыр, 2024 сағат 18:34

Астанада синтетикалық есірткіні таратушыларға қарсы "Дала қырандары" ұйымының акциясы өтіп жатыр


21 қыркүйекте Астанада "Дала қырандары" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен синтетикалық есірткіні таратушыларға қарсы «САТҚЫНДАР» акциясы өтуде, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2000-нан астам жас азамат жиналған науқан бір реттік акция емес. Бұл еліміздің әр аймағынан келген жас еріктілер өз қалаларының көшелерін есірткілерді сатушылар мен олардың көмекшілерінен тазартуды қолға алған екен.


Шараның ұйымдастырушыларының бірі "Дала қырандары" ұйымының координаторы Нұрғали Тұрсынғазиевтің сөзінше науқан ұйымдастырушыларының басты мақсаты еліміздің болашағына немқұрайлы қарамайтын жастарды бір алаңға жинап, есірткімен күреске өз үлестерін қосу.


«Қазіргі уақытта синтетикалық есірткілер көптеген жастарымыздың болашағына балта шауып, оларды улап жатыр. Сондықтан синтетикалық есірткілерді жоюға ат салысу үшін осындай акциялар ұйымдастырып жатырмыз. Бұл шараға 2000-нан артық жас қатысып жатыр. Біз бұл акцияға дайындалдық. Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып, еліміздің болашағына немқұрайлы қарамайтын жастарды жинадық. "Дала қырандары" жастар қоғамдық бірлестігінің мақсаты жақында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей, есірткіге қарсымыз, есірткі жастарымызды улап жатыр. Сол себепті, бұл барлығымыздың үлкен проблемамыз деуге болады», -дейді Нұрғали Тұрсынғазиев.



"Дала қырандары" волонтерлары  бұл акцияда есірткі жарнамасы бар сайттар мен әлеуметтік желілердің сілтемесі бар граффитилерді өзгертіп, өз сілтемелерін қоймақ. Ұйымдастырушылардың сөзінше қазіргі кезде тіпті QR кодтар арқылы да есірткі жарнамасынің сілтемесіне кіре беретін болған. Сондықтан "Дала қырандары"  өкілдері өз  QR кодтары арқылы есірткі бизнесімен айналысатындарды алдаусыратпақ. Сөйтіп, сатып алушылармен байланысқа шығатындарды полицияның көмегімен анықтамақ. 

«Біз олардың өз әдісін өздеріне қолданбақпыз» деп отыр  ұйым координаторлары.

«Соңғы 5 жылда есірткі сату 10 есе өскен. Себебі оны сатып алу оңай және бағасы үш бөтелке арақтың құнындай ғана. Оған адамдар бір татып көргеннен тәуелді болып қалады дейді. Сондықтан ұрпағымыздың жаны да, тәні де сау болуы үшін біз осындай жұмысқа кірістік», -дейді Нұрғали Тұрсынғазиев. 


Психотропты заттарға тәуелді адамдарды емдеумен айналысамын, спортты насихаттаймын деп өзін таныстырған Сергей Лаптев мұндай акцияларды тұрақты түрде өткізіп отыру қажет екенін айтты.

«Мұндай акциялар халықты ақпараттандыруға зор үлесін қосады. Себебі, көп адам есірткіге тәуелділік туралы көп нәрсе білмейді. Шын мәнінде есірткі адам ағзасына түрлі жолмен түседі және нашақордың түр-әлпеті басқалардан өзгеше болып көрінбеуі де мүмкін. Сіз оның нашақор екенін бірден байқамауыңыз да ықтимал. Сондықтан, мұндай шаралар адамдардың сыни көзқарасын, түсінігін қалыптастырады», -деп отыр Сергей Лаптев.



Акцияға ерікті болып қатысып жатқан Бейбарыс Камали  науқанның маңызы туралы айтты.

«Болашақта әр-бір бесінші адам есірткіге отырған нашақор адам болуы мүмкін. Сол статистиканың алдын алу үшін біз қазір осындай үлкен акция жасап, есірткіге қарсы күресті қазірден бастап жатырмыз», -дейді жас ерікті.


«САТҚЫНДАР» деген атпен өткен есірткіге қарсы акцияда Shiza, HiRo және Yerbolat сияқты танымал әртістер науқан мен оның қатысушыларына өз өнерлерімен қолдау көрсетті. 




Фотолар: "Дала қырандары" ұйымынан