26 мау, 2018 сағат 17:24

Астанада Сәкен Сейфуллиннің 15 метрлік портреті салынды

Астаналықтардың көбісі жаңа үлгіде салынған портреттің мән-мағынасын түсінбейді. Ал үлкен кісілер әп-әдемі суретті «бүлдіріп тастағаны» үшін суретшілермен сөзге келіп қалатын көрінеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, кейбір кісілер ұрысып кетеді. Бізді вандал деп ойлайды. Өйткені біз бас кезінде Сәкен Сейфуллиннің кәдімгідей портретін салып шықтық. Енді, үстінен нүктелерді салып жатырмыз. Содан үлкен кісілер портретті «бүлдіріп жатыр» деп ойлайды. Негізі, бұл да сурет салудың бір стилі. Оны «неопоинтилистік стиль» деп атауға болады. Ондайда мыңдаған нүктелерден бір сурет шығады. Бұл дегеніміз, әрбір адам тариxтың бір бөлшегі іспеттес. Ал бәрін қосқанда тұтас бір тариx, тұтас бір портрет, xалықтың ұлттық коды шығады», - дейді суретші Степан Краснов.


Оның айтуынша, жақын жерден Сәкен Сейфуллиннің портреті анық көрінбеуі мүмкін. Алайда алыстан тамаша картина болып шығады.

«Осы портретті салуға бес күндей кететін шығар. Біз алдымен эскизін жасадық. Одан кейін мына жақта комиссия қарады. Сосын xалық дауыс берді. Сөйтіп, осы суретті таңдады. Бір-екі күнде аяқтап қаламыз. Портрет толығымен нүктелермен боялады», - деді С.Краснов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Степанның өзі Мәскеуден келді. Одан бөлек, Астанада Татарстанның, тіпті Франция мен Италияның суретшілері үйлердің қабырғаларына өз туындыларын салуда.


Мәселен, Сәкен Сейфуллин көшесінің бас жағында барыстың әдемі суретін салып қойды. Бас кезінде қабырғаны толығымен көк түске бояп тастағанда жергілікті тұрғындар түсінбей қалған. Байбалам салып, шағым түсіргендер де болыпты. Алайда қазір барлығы дән риза.


Ал Ілияс Есенберлин көшесінің бойында тұрған үйдің қабырғасына қазақ қызының суретін салды. «Ол жер-жаһанның тариxын жазып отыр», - дейді авторлар.

Жалпы, бүгінде осы іспетті өнерге сұраныс жоғары. Мәселен, күні кеше ғана Астанадағы бір үйдің қабырғасына сурет салған жігіт бүгін Португалияда жүр. Ол жақтан да маңызды бір тапсырыс түскен көрінеді.

Айта кетейік, елордада ASTANA Street Art фестивалі өтуде. Соның аясында қазақстандық және шетелдік суретшілер үйлердің қабырғаларына өз туындыларын салып жүр.