Жаңаөзеннен тұрақты жұмыс талап етіп келіп, Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдында наразылық білдірген «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы қызметкерлері қамаудан босатылып, пойызбен Жаңаөзен қаласына қайтты. Әлеуметтік желіде мұнайшылардың Маңғыстау халқына жасаған үндеуінің видеосы тарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қолында жүгі бар олар өздеріне қолдау білдірген халыққа алғыс айтып, мәселелері шешілетінін және осымен Маңғыстауға қайтатынын мәлімдеген.
"Біз дін аманбыз, деніміз сау, балаларымыз түгел. Қазір, бұйырса, ауылымызға аттанамыз. 10 адам келіссөз өткізуге қалады. Еш уайымдамай, жұмыстарыңызды жалғастыруыңызға болады. Жаңаөзеннің, Маңғыстау облысының мұнайшыларына алғысымызды білдіреміз" - дейді ондаған адамның алдында тұрып сөйлеген мұнайшылардың бірі.
Ақпаратты «ҚазМұнайГаз» компаниясы да растады.
«ҚМГ байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді.
Ол комиссия «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешу жолдарын қарастыратын болады. Комиссия құрамына «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінен 10 адам кіреді.
Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшыларды босатып, олар Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті», - деп атап өтті компаниядан.
Айта кетейік, "ҚазМұнайгаз" бен "Өзенмұнайгазға" қызмет көрсететін "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнында жұмыс істеген бұл азаматтар "ҚазМұнайГаз" ұйымдастырған тендерде "БерӘлі Маңғыстау Company" жеңілгеннен кейін жұмыстан қысқарып қалған. "ҚазМұнайГаз" оларға жалақысын сақтай отырып, "Кезби" және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Бірақ олар бұл ұсынысқа келіспей, "тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек" деген талап қойған.
11 сәуірде Энергетика министрлігінің алдына түнеп шыққан наразы мұнайшылармен "ҚазМұнайГаз" өкілдері кездесіп, екі жақ мәмілеге келе алмаған еді. Жаңаөзендіктер тұрақты жұмыс беру туралы талабы орындалмайынша тұрған жерінен тарамайтынын мәлімдеген.
Сол күні кешкісін жаңаөзендік жұмысшыларды полиция мен арнайы жасақ күштеп ұстап әкетті.
Кейін полиция алып кеткен жаңаөзендік мұнайшылардың екеуінің видеоүндеуі әлеуметтік желіде тараған. Видеода сөйлеген "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Жолмұрат Лұқпан мен Нұрсұлтан Нұрымұлы "көбіміз бүгін пойызбен, кейбіріміз ертең ұшақпен Маңғыстауға қайтатын болдық" деп хабарлады.
видео: Tengrinews.kz