31 нау, 2021 сағат 11:03

Астанада қонақ отбасы тәрбиесіне берілген жетім балалар саны 38% өскен

Соңғы екі жылда отбасы тәрбиесіне берілген жетім балалар саны 38% өскен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні елордада жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны - 838. Оның ішінде 184 бала интернатта, ал 654 бала отбасында тәрбиеленуде. Балалар мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 2,1% төмендеді. Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға арналған балалар үйі, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы жабылды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов. 

Нұрлан Нұркенов үшжақты келісімге сәйкес баланы демалыс және мереке күндеріне алып баратын қонақ отбасына орналастырудың уақытша түрін дамытуға көп көңіл бөлінетіндігін атап өтті. 

Соңғы екі жылда қонақ отбасыларға берілген балалар саны 38% өскен

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «SOS: Қазақстанның балалар ауылы» корпоративті қоры орталықтың тұрақты топтарынан балаларды отбасылық ортада одан әрі білім алу үшін «SOS: Қазақстанның балалар ауылына» ауыстыру жұмысын кезең-кезеңімен жүргізуде. 

Екі жыл ішінде 40 бала балалар ауылына ауыстырылды, биылғы оқу жылының соңына дейін тағы 7 бала ауыстырылады.