17 шіл, 2024 сағат 13:06

Астанада Euronews-тің өңірлік өкілдігі ашылады

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның Euronews-пен ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Аида Балаева Euronews өңірлік өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтті.

"Euronews өңірлік өкілдігінің ашылуы – арнаның халықаралық аудиторияға Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуын жан-жақты насихаттауына үлкен мүмкіндік береді", - деді ол.


Бұл өкілдік қазақстандық журналистер үшін көптеген мүмкіндіктер ашады. Кездесу барысында отандық телеарна қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту тренингтері мен шеберлік сыныптарын өткізу мәселесі талқыланды. Бұл шаралар қазақстандық БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Педро Варгас Давид меморандумға қол қоюдың қысқа уақытта жүзеге асырылғанын атап өтіп, екі тараптың ынтымақтастыққа үлкен мүдделілік танытқанын айтты.

"Біз үшін қазақстандық журналистерді жан-жақты қолдау маңызды. Біз ортақ жұмыс үшін еуропалық журналистерді Қазақстанға әкеліп қана қоймай, қазақстандық БАҚ арасында жаңа тұлғаларды, талантты жастарды іздейтін боламыз", – деді ол.


Министр Аида Балаева Қазақстанда кәсіби әрі мықты редакция құру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты.

"Бүгін тарихи күн. Қазақстанда Euronews кеңсесінің ашылуы ел үшін маңызды кезеңдердің бірі. Қазақстанның халықаралық аренадағы медиа кеңістікте өз орынын табуға көмектесетін маңызды жобаның бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе", - деп атап өтті Қазақстандағы Euronews жобасының ресми өкілі Әсел Қожақова.


Тараптар бұдан әрі медианы дамытуға және халықаралық ақпарат алмасуды нығайтуға бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білдірді.