31 шіл, 2019 сағат 09:17

Астана процесіне Ирак пен Ливан байқаушы ретінде қатысады

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен биылғы жылдың 1-2 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында өткізілуі жоспарланған Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесудің кезекті 13-ші раундына дайындық жұмыстары толық қарқынмен жүргізілуде. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

«Бүгінгі күнге дейін барлық шақырылған тараптар өздерінің қатысатындығын растады. Атап айтқанда, Ресей делегациясын РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын ТР сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Седат Онал басқарады. Иран делегациясына Сыртқы істер министрінің саяси істер жөніндегі жоғары көмекшісі Али Асгар Хаджи басшылық етеді», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, аталған кездесуге Сириядағы екі қақтығысушы тарап – Сирияның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Башар әл-Джаафари бастаған САР үкіметтік делегациясы және Ахмад аль-Тоума бастаған қарулы оппозиция қатысады. Кездесудің жаңалығы - Астана форматындағы бұған дейінгі келіссөздер негізінде қабылданған шешімге сәйкес, Ирак пен Ливан делегациялары аталған процеске байқаушылар ретінде қатысады.

Өкінішке орай, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Гейр Педерсен денсаулығына байланысты алдағы келіссөздерге қатыса алмайтын болды. БҰҰ делегациясын оның орынбасары басқарады.

Бұған қоса, осы күндері сирияаралық келіссөздер шеңберінде өтетін Тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының кезекті кездесуіне қатысу үшін БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдері Нұр-Сұлтанға келеді.

Бұрын өткен сирияаралық келіссөздерге ұқсас, бірінші күні «жабық есік» жағдайында екіжақты және көпжақты техникалық консультациялар, ал келесі күні жалпы отырыс өтеді. Екі күндік келіссөздердің негізгі нәтижелері Астана процесінің кепілгер мемлекеттерімен қабылданатын Бірлескен мәлімдемесінде баяндалады.