09 жел, 2021 сағат 13:55

Astana LRT ісі фигуранттарын Интерпол іздеп жатыр ма - Антикор басшысы түсінік берді


ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов елорадада құрылысы бітпей қалған Astana LRT жобасына жауаптыларды іздеуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілші Антикор басшысына «Мәжілісте депутаттар шетелге қашып кеткен Astana LRT ісі бойынша қылмыстың негізгі фигуранттары елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданның халықаралық іздеуде екеніне күмән келтірген болатын. Сондай-ақ, биыл тамызда кейбір БАҚ өкілдері олардың интерполдың іздеу тізімінде жоқ екені туралы хабар таратты. Осыған байланысты пікір білдірсеңіз, олар халықаралық іздеуде ме?» деген сауалын жолдады. 

«Олар халықаралық іздеуде, яғни интерполдың бақылауында. Ал шетелде ұсталған азаматтарды Қазақстанға қайтару - әр елмен жеке қаралатын мәселе. Бізде барлық елдермен бірдей экстрадициялау мәселесі жолға қойылмаған. Осы орайда бүгінде Қазақстан ГРЕКО халықаралық ұйымына мүше болып кірді. Ендігі уақытта біз елден сыбайлас жемқорлық жасап шетелге қашқан қылмыскерлерді іздеу, ұстап беріп, оны елге қайтару бағытында ауқымды жұмысты қолға алып жатырмыз. Өйткені, бұл - ұзақ процесс, қылмыскерді шетелден ұстағанның өзінде бір күннің ішінде оны Қазақстанға әкеле алмайсың. Ал сіз айтқан кісілердің интерполдың іздеу тізімінде бар екенін тағы да айтқым келеді», - деп жауап берді Марат Ахметжанов.