19 қыр, 2022 сағат 16:54

Астана әкімдігі: Маңдайшаларды ауыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі


Елорда атауын өзгертуге байланысты қаладағы маңдайшалар мен жол белгілері өзгертіле бастады. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының Қазақстан астанасы атауын Нұр-Сұлтаннан Астанаға қайта өзгерту туралы жарлығы күшіне енді. Қалада маңдайшалар, жол белгілері, ақпараттық тақталарды және т.б. өзгерту жұмыстары басталды. Құжат айналымы электрон форматта жүргізілетінін ескере отырып, ақпараттық базаларға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр", - деп жазды баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, әкімдіктің, басқармалардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың ресми ресурстары бойынша деректер жаңартылады.

"Маңдайшаларды, белгілерді ауыстыру, ақпаратты жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі", - деді Ақмарал Олжабаева.