22 мау, 2023 сағат 15:54

Әскерге арналған оқ өтпейтін сауыт пен дулығаны сынақтан өткізетін жер жоқ – депутат

© Photo: ҚР Қорғаныс министрлігі

Сенат депутаты Жанна Асанова отандық қару-жарақ, дулыға және қорғаныс қалқандарын шығаратындар өз өнімін сынақтан өткізе алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда атыс сынақтарын жүргізуге арналған тіркелген зертхана мен өндірілген бұйымдардың мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестігін сертификаттау жөніндегі органдар жоқ.

"Өндірілетін жеке қорғаныс құралдарының, оның ішінде оқ өтпейтін сауыттар мен дулығалар және қорғаныс қалқандарының жиынтығын мемлекеттік стандартқа сәйкестігін растайтын сенімді зертхана мен сертификаттау органдарының мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ Қазақстанның отандық өндірушілері арасында жеке қорғаныс құралдарын сатып алу рәсімдерін өткізу мүмкіндігіне талдау жасау қажет", - деді Асанова депутаттық сауалында.

Айтуынша, әскери қызметшілерге жеке қорғаныс құралдарын дайындау талаптарын белгілейтін ұлттық стандарттың жоқтығынан, мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу кезінде ресейлік ұқсас стандартты назарға алып келеді.