Астанада бірнеше адамды құтқарғаннан кейін қаза болған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жұбайы мен балаларына грант бөлінеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, өрт сөндірушінің қазасына байланысты жоғары оқу орындарына Асқар Закибулиннің отбасы үшін гранттар бөлу мүмкіндігін қарастыру мәселесі тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта екі отандық жоғары оқу орны грант беруге дайын екенін мәлімдеді.
"Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Асқар Забикулиннің балаларына орта мектепті бітіргеннен кейін кез келген бакалавриат мамандықтарында грантпен оқуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Асқар Забикулиннің балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады. Сонымен қатар жұбайы Анель Забикулина үшін "Адам ресурстарын басқару" мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді", - делінген ресми хабарламада.
МВА грантын AlmaU бөліп отыр. Оны 2023-2026 жылдары аралығында қолдануға болады.
Айта кетері, "Білім туралы" заңға сәйкес, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегер қызметкерлерінің өз міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мертiгіп қалған жағдайда әскери қызметшілердің балаларының өтініші негізінде оларға конкурстан тыс білім беру гранты беріледі.