25 жел, 2019 сағат 09:09

Асқар Мамин ДСҰ министрлік конференциясын өткізу шығынын атады

Қазақстан 2020 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы 12-ші министрлік конференциясын өткізуге 2,85 млрд теңге қаржы жұмсайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның атап өтуінше, 2019 жылдың 25-28 маусымында Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары К.Браунер бастаған ДСҰ-ның мақсатты тобы Нұр-Сұлтан қаласына келіп кетті. Сапар қорытындысында ДСҰ хатшылығы Қазақстан үшін ДСҰ министрлік конференциясын өткізу бойынша жан-жақты нұсқаулық әзірледі.

«Мұнан ары ДСҰ 12-ші министрлік конференциясын ұйымдастыру дайындығы аталған құжатты басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады. Нұсқаулық 12-ші министрлік конференциясын өткізудің ұйымдастыру мәселелері бойынша талаптарды қамтиды. Айталық, нұсқаулық талабы негізінде тиісті бюджеттік өтінім қалыптастырылып, шығындары есептелінді және Республикалық бюджеттік комиссия мақұлдады. Болжалды есептеулерге сәйкес, 12-ші министрлік конференциясы жалпы қатысушыларының бүкіл шығындары шамамен 18 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының шараны ұйымдастыруға арналған шығыстары 2,85 млрд теңге болады. ДСҰ хатшылығының 1,2 млн швейцар франкі көлеміндегі шығыстары өз қызметкерлерінің (шамамен 200 адам) және дамуы төмен елдер (36 ел) делегаттарының жатын орындары мен ұшып келу-кету төлемдерін қамтиды. Қалған сома – бұл шетелдік делегаттардың (ДСҰ-ға мүше 164 елдің Сауда министрлері мен парламентарийлері, сонымен қатар бірқатар мемлекеттің және ірі халықаралық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары) ұшып келу-кетумен, жатын орын және тамақтануымен және басқаларымен байланысты шығындары», - деп түсіндіреді Үкімет басшысы.

Асқар Маминнің атап өтуінше, аталған шараны ұйымдастыруға жұмылдырылған жеке сектордың, көлік компанияларының, қоғамдық тамақтану орындарының, қонақ үй кешендерінің аударымдары түрінде бюджетке шамамен 240-360 млн теңге салық түсетіндігі болжанып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 27 шілдесінде Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысында ұйымға мүше елдер 2020 жылдың жазында 12-ші ДСҰ министрлік конференциясын Нұр-Сұлтанда өткізу туралы шешімді бір ауыздан қолдаған болатын.