Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мерзімдерін қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пайдаланылмай жатқан жерлер тек сот арқылы алынады. Ал бұған 2-3 жыл уақыт кетеді. Сондықтан, егер жерлер пайдаланылмаса, онда жалға алу келісімшартын біржақты ретте бұзу туралы ұсыныстар енгізілуде. Екіншіден, жер пайдаланушылардың көбі біздің қызметкерлерімізден қашады, тексеру жүргізу қажеттігі туралы хабарламаларды алғысы келмейді. Сондықтан қазір біз мұның бәрін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, азаматтарға СМС хабарламалар келетін болады. Мен бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін де, біздің қызметкерлеріміз үшін де ыңғайлы деп ойлаймын», - деді Сапархан Омаров Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министрдің айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасының жобасы мемлекеттік органдардың талқылауында жатыр.
«Биыл 10 қазаннан бастап Парламент Сенаты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне АӨК реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымында мақұлдап, қол қоюға жіберді. Бұл заң жобасы үш жылға жуық уақыт бойы қаралды, онда Қазақстан Республикасының 13 кодексі мен 29-заңына 800-ден аса түзетулер енгізу қарастырылады. Осы заң аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесінің тәсілдері өзгертіледі: міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүзеге асырылады. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу қолға алынады», - деді ол.
Сапархан Омаров сонымен қатар әкімдіктер мен кедендік органдардан бақылау-қадағалау функциялары Ауыл шаруалышығы министрлігіне қайтарылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер инновация тарту үшін ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау қарастырылады.
Еске сала кетсек, бүгінгі Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып алу бойынша Жол картасы әзірленгенін хабарлаған болатын.