Нұр-Сұлтан соты Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген адамға бұлтартпас жазасын қолданып, екі айға қамады. Бұл туралы 26 сәуірде кешке соттың ресми сайты хабарлады.
Соттың хабарлауынша, М. есімді күдікті 15 шілдеге дейін қамауда болады. Оған Қылмыстық кодекстің 128-бап 4-тармағы бойынша айып ("Адам саудасы") тағылған.
16 мамырда Нұр-Сұлтан полициясы Әсел Айтпаеваның туысы М.Мейірбеков есімді азаматтың адам саудасы бойынша ұсталғанын хабарлаған еді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазақстан азаматы Әсел Айтпаева 5 мамыр түнде Тбилисиде қайтыс болған. Оның мәйіті көпқабатты үйдің маңынан табылды. Грузия тергеушілері қыздың зорланғанын мәлімдеген. Бұған дейін Тбилиси полициясы күдікті ретінде Грузияның 57 жастағы азаматы Бесик Тордуаны қамауға алған. Оған "адам зорлады" және "суицидке жеткізді" деген айып тағылған. Марқұмның туыстары Әсел өзіне қол жұмсады деген болжамға сенбейді және оның өлімін әділ тергеуді талап еткен.
Грузин ақпарат құралдары осыған дейін туысының Әсел Айтпаеваны Грузияға жіберіп, "жыныстық құлдыққа" сатуы мүмкін деген жорамал жасаған. Грузин тергеушілерінің мәліметінше, қыздың өліміне қатысы бар төрт күдікті анықталған. Олардың арасында оны жұмысқа шақырған туысы да бар. Грузия бас прокуратурасы оған сырттай айып таққан.