Талдықорған қаласы әкімдігі қызметкерлерінің басы дауға қалды. Өйткені өзара бас қосқан бірнеше шенеунік қоғамдық орындардың бірінде жиналған. Жиынның соңы шуға айналыпты.
Себебі сол отырыста болған құрылыс бөлімінің басшысы көшенің қақ ортасында әйелін ұрып, қызметтік көлікке ішімдік ішкен күйінде отырып, полицейлерге ұсталды, деп хабарлайды 31 арна.
"Видеодағы болған жанжал - жаңағы әйелімен болған жанжал. Ол - біздің Талдықорған қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы. Ішімдік ішіп алып, қызметтік машинаға отырып, айдағаны. Ол факті нақты тіркелген полицияда", - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы.
Ал жазба авторы шенеуніктің полицияға ұсталғанын, сараптамаға барғанын барлығын түсірген. Сонымен қатар, бұл кадларда Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарының да жүргенін анық көруге болады.
"Үш машинаны көрдік, қызметтік автомобильді. 068, 073, біреуі хюндай, біреуі киа, арасында жүрген камри 50 бар, 073 қой деймін. Мен "ты зачем жену свою бьешь" дегенді естіп қалдым. Қаулы бойынша караоке барлар істемеу керек қой", - деді блогер Қайрат Абдрахман.
Расында қаулыға сәйкес Талдықорғанда караокелердің жұмыс істеуіне рұқсат жоқ.
Айта кетейік, даулы видеодағы шенеуніктерге қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. 30 жастағы құрылыс бөлімінің басшысы жұмыстан уақытша шеттетіліпті. Және ол жеті жылға дейін көлік жүргізу құралынан айырылуы мүмкін.