Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Бұл ақпаратты Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2022 жылғы 18 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты", - деді баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 28 мамырда сот санкциясымен бұрынғы Мәдениет және спорт министріне қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған еді.
Антикор мәліметінше, тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатыр.
Бұдан басқа Арыстабек Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатқаны хабарланған.
Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды.