Фото: ©️ Tengrinews.kz
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы тағы да сот алдына келді. Бұл жолы бұрынғы шенеунік рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Айыптаушы тараптың айтуынша, 2020 жылы Мұхамедиұлынан қаржылай көмек сұрап, Астанадағы "Дипломат" қонақүй кешеніне иелік ететін кәсіпкер К.-ның танысы жүгінген. Мұхамедиұлы кәсіпкерге 2,5 миллиард теңге беруге келіскен, бірақ оның орнына одан ЖШС жарғылық капиталының 71 пайызын енесіне аударуды сұраған. Тергеу сол кезде шенеунікте қонақүйді қолына алу жоспары қалыптасқан деп есептейді.
Мәміле жасалғаннан кейін шенеунік қонақүйге жүйелі түрде келе бастаған, оны қызметкерлерге ортақ иелердің бірі ретінде таныстырған. Айыптаушы тараптың айтуынша, артынша Мұхамедиұлы К.-дан қалған 29 пайыздан бас тартуды талап еткен, бірақ иесі қарсылық білдірген. Бұдан кейін шенеунік "Дипломат" қызметкерлеріне ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеу туралы бұйрық береді. Одан соң серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының хаттамалары бұрмаланып, онда серіктестік директоры Мұхамедиұлы үлестес тұлғамен ауыстырылған.
Экс-министр тағылған айыппен келіспей, сөз сөйлеп, жәбірленушіні саясаткер Марк Юний Брутпен, ал өзін, опасыздық жасалған Гай Юлий Цезарьмен салыстырды.
"Рим империясының тарихынан адамзат тарихында сатқындық пен арамдықтың символы ретінде қалған Марк Юний Бруттың әрекетін жақсы білеміз. Ал Гай Юлий Цезарь Бруттың арамдығына қарамастан, тарихта жасампаз және нақыл сөздер авторы ретінде қалды: "Ал сен - Брутсың", - деді Мұхамедиұлы.
Бұл ретте судья Әбінұр Қарабаев, Мұхамедиұлының айтуынша, тарихта Геракл ретінде қалады.
"Авгий патшаның қорасын көңнен тазартқан ежелгі батыр Геракл сияқты, сіз де, осы сот ісін арамдық пен өтіріктен арылтасыз деп сенемін", - деді Мұхамедиұлы судьяға.