24 мау, 2019 сағат 16:42

Арыстағы жарылыс: Жедел штаб құрылып, жапа шеккендерге барлық көмек көрсетілуде

Арыста болған апат салдарынан 31 адам түрлі дене жарақаттарымен Түркістан облысына қарасты ауруханаларға жеткізілді. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы уақыттағы жағдай бойынша, облыстың медициналық мекемелеріне  зардап шеккен 31 адам жеткізілді. Соңғы мәліметтер нақтылануда», - делінген басқарма ақпаратында.  

Науқастардың басым бөлігі Облыстық клиникалық ауруханада жатыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ордабасы аудандық орталық ауруханада және Облыстық клиникалық ауруханада 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды.

Жедел жәрдем бригадасының 30 көлігі Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылды. Қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан алдырылған қосымша жедел жәрдем көліктері дайын.

«Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер құрылған медициналық штабқа жиналды. Қазіргі кезде жарақат алғандар жоқ. Эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасынан науқастар эвакуацияланды. Мамандар да жедел жәрдем көліктері де облыс бойынша жеткілікті», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды. Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды. Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.

Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.