Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Ақорданың ресми сайтында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Арыс қаласындағы жарылыстардан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандарға қолдау білдіргені жазылған.
Көрші мемлекеттің басшысы кісі өлімі мен ауқымды зардаптар әкелген төтенше жағдайға Қырғызстан шынайы жанашырлықпен қарайтынын атап өтті.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев «Арыс қаласындағы төтенше оқиғаға байланысты Қырғызстан Президенті С.Жээнбековтің бауырлас қырғыз халқының атынан алаңдаушылық пен жанашырлық танытқанына ризашылығымды білдіремін» деп жазды Twitter парақшасында.