Арыстағы жарылысқа байланысты Бөген су қоймасына ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадрақов мәлім етті. Оның видео-мәлімдемесін облыс әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
Басқарма басшысы видеожазбасы арқылы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Бөген су қоймасына қатысты тараған қауесетті жоққа шығарады. «Арыс арнасынан секундына 47 текше метр су шаруаларды ағынсумен қамтамасыз етуге босатылып жатыр. Бөген су қоймасына байланысты ешқандай да қауіп жоқ. Осында Түркістан облысы «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен Отырар аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары толығымен Бөген су қоймасын көріп шықты. Бөген су қоймасына қатысты ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ», деді Н. Бадрақов.
Айта кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды. Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды. Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.
Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.
Соңғы мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 46 адам зардап шекті.