Фото: bwbx.io
Қарағанды облыстық прокуратурасының тағайындауымен Қарағанды аумақтық департаментінің барлық қызметкері "АрселорМиттал Теміртауға" тексеру жүргізді, деп хабарлайды техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі.
Жеті шахта мен "Восточный" орталық байыту фабрикасының қызметі тексерілді. Барлық сегіз объектіде тексеру мерзімі өткен 89 өлшем құралын қолдану фактісі анықталды.
"Осындай өлшеу құралдарының дұрыс емес нәтиже көрсетуінен жеке және заңды тұлғалардың мүддесін қорғау қамтамасыз етілмеген және бұл жерасты тәсілімен тас көмірін өндіретін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді", - деді комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Бұл құралдар: әр түрлі типтегі электроконтактілі манометрлер, техникалық манометрлер, торлы және скиптік көтергіштер, компрессорлық, қазандық, көмір жыныстарының көтерілуі, желдету көтергіштері сияқты учаскелерде қолданылатын термометрлер.
Облыстық прокуратура ұсынысы мен материалдарының негізінде "АрселорМиттал Теміртау" әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ кәсіпорында кемшіліктер жойылды.
Тағы бір айта кететін жайт, "АрселорМиттал Теміртауда" тас көмірді жерасты тәсілімен өндіру кезінде мемлекеттік реттеуге жатпайтын өлшеулер жүргізілетіні анықталған.
Бұл еңбек қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент өлшемдер тізбесін одан әрі қарау және оларды салалық мемлекеттік органдардың бекітуі үшін ұсыныстар дайындады.