Арнайы орын белгілеу бейбіт жиын өткізу мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заңнамамен бейбіт жиын өткізу үшін ескерту тәртібін енгізу жоспарланып отыр», - деді ол «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында.
Оның атап өтуінше, бейбіт жиын өткізуге жергілікті атқарушы органдар тарапынан жауап болмаған жағдайда ол келісілген деп саналады.
«Сонымен қатар заң жобасында бейбіт жиын өткізу үшін балама орын ұсыну құқығы көзделеді. Жиын өткізуге рұқсат беруден бас тартудың бірқатар себебі орынның бос болмауына байланысты екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Біз заңнамалық тұрғыда балама орынның болуын қарастырамыз. Бейбіт жиындар шеткі аймақтан емес, мамандандырылған орындарда, сонымен қатар мәслихат құзіретімен бекітілген орындарда өткізіледі. Орынды ұсыну барысында оның қаланың шеткі аймағында болмауы принципі сақталуы тиіс», - деді Данияр Есин.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай орындарды айқындау барысында инфрақұрылым да қаперге алынуы тиіс.
«Бұл орындарды айқындау және оларды пайдалану тәртібін бекіту барысында бейбіт жиын мақсатына қол жеткізу мүмкіншілігі, ұйымдастыру қолайлығы, көлік қолжетімділігі, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың инфрақұрылымды пайдалана алуы, санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерінің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс. Заңнамамен мұндай мамандандырылған орындар елді мекеннің орталық бөлігінде анықталатыны көзделген. Біз мамандандырылған орындарды енгізу бейбіт жиындар өткізу мәдениетін арттыруға, септігін тигізіп, ой-пікірді еркін айту үшін мамандандырылған орындардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді деп санаймыз. Өйткені, мұндай орындар бейбіт жиын өткізуге, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналады», - деді вице-министр.
Айта кетейік, заң жобасын қоғамдық талқылауға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері мен заңгер ғалымдар қатысты.