07 мау, 2021 сағат 19:10

Арнайы операция: Алматыда қару-жарақ арсеналы тәркіленді


Криминалдық полиция қызметкерлері Алматыда арнайы операция барысында қару-жарақ арсеналын тәркіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция департаментінің мәліметінше, тұрғын үйлердің біріндегі тұрақта полицейлер «Lexus LX 470» және «Toyota Camry» маркалы көліктерін тоқтатқан. Алты адам ұсталды, оның төртеуі бұрын сотталған. 

«Олар шабуыл жасағаны, ұрлық, алаяқтық жасағаны үшін, есірткі қылмысы мен қаруды заңсыз ұстау деректері бойынша сотты болған. Ең үлкені - 33-те, кішісі 25-те. Біреуі Түркістан облысынан, қалғаны Алматы облысының тұрғыны. Тінту барысында айыпталушылардан және олардың көлігінен «Макаров», «Наган» және «Марголин» жүйесінің екі тапаншасы, тегіс ұңғылы екі қару, «Стражник» травматикалық тапаншасы және олардың оқ дәрілері табылды», - деді Алматының полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков. 

Аталған дерек соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамалды. 

Спикер тергеу барысында тәркіленген әскери арсеналдың қайдан алынғаны, кімге тиесілі екендігі, сондай-ақ, оның қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталатындығын атап өтті.