Сенатор Ерік Сұлтанов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Ол Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарын дамытудың проблемаларын қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат инвестиция мен жаңа технология тартуға арналған тиімді алаңдардың бірі – арнайы экономикалық аймақтар болуы тиіс екенін атап өтті. Алайда жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша АЭА-ның тиімділігі төмен деңгейде қалып отыр.
Сенатордың пайымдауынша, ауқымды бюджеттік инвестиция аясында шетелдік инвестиция үлесінің төмендігі жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық тауар өндірісін дамытуға тікелей әсер етеді. АЭА аумағында шығарылатын өнімнің жалпы көлеміндегі экспорт үлесі орта есеппен 3,5%-дан аспайды. Бұл ретте 2017-2020 жылдардағы экспорт құрамында өнімнің төмен бөліністегі үлесі басым болып отыр.
«Осының бәрі бүгінде АЭА-ның басым бөлігінде қосылған құны жоғары озық технологиялық өндірісті дамыту және жергілікті өнімге айналдыру жөнінде нақты мақсат қойылмауының көрсеткіші болып отыр. Одан басқа, АЭА-ны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. 13 АЭА-ның тек 3-і қажетті коммуникациямен толық қамтамасыз етілген. Мұндай келеңсіз жағдай АЭА-ның жалпы аумағының шамамен 60%-ы бос қалуына алып келді, соның салдарынан жаңа инвесторларды тартуды және әлеуетті серпінді жобалар әзірлеуді тежеп отыр», - деді сенатор.
Депутат Е. Сұлтанов осыған байланысты АЭА аумағындағы инфрақұрылым нысандарының құрылысын аяқтаудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу, отандық кәсіпкерлікке, оның ішінде стартап жобаларға белсенді қатысу және көмек көрсету, инвестиция көлеміне, салықтар мен шығарылатын өнімге байланысты берілетін жеңілдіктердің мерзімдеріне саралау жүйесін енгізу қажеттігіне назар аударды.