Қазақстанда 470-тен астам әскери міндетті арнаулы әскери жиынға шақырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы басшысының орынбасары Серік Боранбаев айтып берді.
«Қорғаныс министрлігі басшылығы алдын ала қабылдаған ұйымдастыру-техникалық шаралары мен жергілікті әскери басқару органдарының, медициналық қызметкерлердің карантиндік шектеудегі бірлескен жұмысы аз уақытта арнаулы жиынға 473 әскери міндеттіні шақыруға мүмкіндік берді. Оның арасында 71 офицер мен 402 сержант және запастағы сарбаздар бар. Олардың басым бөлігі - еріктілер», - деді Серік Боранбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер Бас штабының басшылығы әскер міндеттілерді шақыру барысына, санитарлық-гигиеналық талаптар мен әскери тәртіптің сақталуына жүйелі бақылау ұйымдастырды.
«Арнаулы жиынға шақыру шақыру ережелерін халыққа жедел түсіндіру үшін Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс істері департаменттері 4 сәуірден бастап, 18 Call-орталық ұйымдастырды. Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл орталықтарға мыңнан астам адам хабарласты», - деді С. Боранбаев.
Сонымен бірге, спикер әкімдіктердің шақырушыларды қажетті киіммен, тамақпен, қорғаныс құралдарымен, қажет болған жағдайда тұратын орынмен қамтуға міндетті екенін еске салды.
Айта кетейік, 2 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ақмола облыстарында арнаулы жиын бөлімшелері құрылды.
Ақтөбе, Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жалғасуда. 13 сәуір күні Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында, 14 сәуірде - СҚО, 15 сәуірде - Жамбыл, 17 сәуірде - Түркістан облысында шақыру басталады.
Ал БҚО, ШҚО, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнаулы жиын өткізу мәселесі қарастырылмаған.