Арменияға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның партиясы келгелі жатыр. Соның ізінше осы жылдың наурыз айында халықты кезең-кезеңімен вакциналау басталады.
Арменияның денсаулық сақтау министрі Анахит Аванесян журналистерге берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Анахит Аванесян Армения билігі елге COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны жеткізу жөніндегі келіссөздерді аяқтағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, вакцина жеткізілетін нақты ақпарат белгілі болғаннан кейін бөлім вакциналау кестесін жариялайды.
«Біздің сараптамалық топ бізге ұсынылған барлық вакцинаны тексеріп, бағалап жатыр. Мамандарымыз ресейлік «Sputnik V» вакцинасын қолдануға рұқсат берді. Жақын арада ресейлік вакцинаның нақты қашан жеткізілетіні белгілі болады. Біз қазірдің өзінде наурыз айында халықты кезең-кезеңімен вакциналауға мүмкіндік беретін вакциналардың алғашқы партиясына ие боламыз деп сенеміз», - деді Арменияның денсаулық сақтау министрі.
Министрдің айтуынша, қауіп тобына жататын адамдарға басымдық беріледі. Бұл топтар қазірдің өзінде анықталып қойған. Арменияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша бірінші кезеңде қарттар үйіндегі адамдар, осы орталықтардың қызметкерлері, медицина қызметкерлері, әлеуметтік көмек орталықтарының қызметкерлері, 65-тен асқан адамдар және 16-дан 64 жасқа дейінгі созылмалы аурулары бар адамдарға вакцина салынады.
Armenpress басылымының хабарлауынша, Армения COVAX бастамасымен ынтымақтастық аясында вакцинаны британдық «Astra Zeneca» компаниясынан да сатып алмақ.
Армения Денсаулық сақтау министрлігі Ауруларды бақылау және алдын алу ұлттық орталығының мәліметі бойынша, 2021 жылдың 4 ақпанына дейін Арменияда коронавирус инфекциясын 167 568 адам жұқтырған. 159 045 науқас сауығып, 4 637 науқас емделуде. 3 107 адам қайтыс болды.