Армения президенті Армен Саркисян өкілеті аяқталмай жатып қызметінен кетті. Бұл туралы ақпарат 23 қаңтарда оның ресми сайтында жарияланды. Саркисян ел саясатына, соғыс пен бейбітшілік мәселесіне ықпал ететіндей өкілеті болмағандықтан, осындай шешім қабылдағанын мәлімдеген.
68 жастағы саясаткер Арменияны 2018 жылдың көктемінен бері басқарды. 1996-1997 жылдары ол төрт ай премьер-министр қызметін атқарған.
Армения - парламенттік республика, кең өкілеті жоқ президент лауазымы тек ресми маңызға ие. Бұл қызметке үміткер жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет сайлана алады.
Армен Саркисян Армения елдегі жүйелі мәселелерді шешуде президент "өз әлеуетін толымды пайдалана алмайтын ел екенін" жазған. Қазіргі жағдайда "президенттің қолында еліне көмектесе алатын тетіктер жоқ" дейді ол.
Өз билігі тұсында конституциялық өзгеріс енгізу туралы комиссия құрылғанын атап өткен Саркисян, конституцияға өзгеріс енгізу арқылы келесі президент "теңестірілген ортада" жұмыс істеуге мүмкіндік алатынына сенімді.
Заң бойынша, президент қызметтен кету жөнінде өтініш жасай алады. Ол ашық жария етілгенде өтініші қабылданған болып есептеледі. Жаңа президент сайланғанша, оның қызмет міндетін парламент төрағасы атқарады. Президентті парламент депутаттары сайлайды.
Кезектен тыс сайлау президент қызметі бос деп жарияланған сәттен бастап кемінде 25 күн өткеннен кейін, бірақ 35 күннен кешікпей өтуі тиіс.
2018 жылдың көктемінде Армения парламенті Армен Саркисянды президент етіп сайлаған. Көп ұзамай елде жаппай наразылық болып, нәтижесінде премьер-министр қызметіне соған дейін оппозицияға жетекшілік еткен Никол Пашинян сайланды.