27 жел, 2023 сағат 16:14

Әнұран авторлығынан Назарбаевтың аты-жөні алынып тастала ма?

Фото ашық дереккөзден алынды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов әнұран авторлығынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі алынып тастала ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Дәл қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", - деп қысқа қайырды Қошанов Мәжіліс кулуарында.

Журналистің "Назарбаев әнұран авторы болуға лайық па?" деген сұрағына:

"Енді кезінде сондай шешім қабылданды ғой", - деп жауап берді Мәжіліс спикері.

Ақорда сайтында хабарланғандай, елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" патриоттық әні таңдалды.

Әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.