03 сәу, 2021 сағат 07:50

Антирекорд: Өткен тәулікте екі мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР тестімен дәлелденген 2 122 науқас тіркелді. Бұл – індет басталғалы бергі ең үлкен көрсеткіш.

Вирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша елорда алда келеді. Нұр-Сұлтанда Covid-пен 647 науқас тіркелді. Елдің ең үлкен қаласы – Алматыда жұма күні 438 адамға коронавирус жұққан.

Аймақтар арасында Алматы облысы бірінші орында тұр, мұнда диагнозы зертханда расталған 259 адам тіркелді. Ең соңғы орында – Түркістан облысы, бұл аймақта 16 науқас қосылған.

Қалалар мен өңірлер бойынша толық дерек:

  • Нұр-Сұлтан қаласы - 438,
  • Алматы қаласы - 647,
  • Шымкент қаласы - 66,
  • Ақмола облысы - 48,
  • Ақтөбе облысы - 137,
  • Алматы облысы - 258,
  • Атырау облысы - 110,
  • Шығыс Қазақстан облысы - 42,
  • Жамбыл облысы - 23,
  • Батыс Қазақстан облысы - 112,
  • Қарағанды облысы - 85,
  • Қостанай облысы - 35,
  • Қызылорда облысы - 32,
  • Маңғыстау облысы - 25,
  • Павлодар облысы - 31,
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 17,
  • Түркістан облысы - 16.

3 сәуірдегі мәлімет бойынша, 26 821 адам коронавирус инфекциясынан (25 362 КВИ+ және 1 459 КВИ-) емделіп жатыр. 

Оның ішінде 9 554 пациент - стационарда, 17 267 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Коронавирусқа шалдыққандар арасында:

• 377 адамның жағдайы ауыр;

• 98 пациенттің жағдайы өте ауыр;

• 63 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі бейсенбіде ПТР тесті кері нәтиже көрсетсе де, өздері "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырған 70 науқас тіркелгенін хабарлады. Былтыр жазда Қазақстанда өкпесі қабынғандар саны күрт артқан тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны коронавирус таралуының салдары деп атап, қысым жасаған соң ғана денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап мұндай науқастарды бөлек есептей бастаған. Дегенмен, "пневмония" қатты өршіген маусым-шілденің дерегі статистикаға енбеді.

Министрлік "коронавирусқа ұқсас пневмониямен" ауырғандар дерегін бір күн кешіктіріп шығарады, бұл екі статистиканы қосып есептеуде қиындық туғызады.

Оның үстіне, министрлік Covid диагнозы зертханада расталғандар мен "соған ұқсас пневмонияға" шалдыққандар дерегін бөлек санайды. Ресми дерек бойынша, былтырғы наурыздан бері елде коронавирус жұқтырған 251 053 адам тіркелген, 222 606 пацинет жазылып шығып, 3 085 кісі осы дерттен көз жұмған. Тамыздан бері 50 765 адам "пневмонияға" шалдығып, 696 науқас қайтыс болды.

Қазақстанның екі бөлек дерегін қосып есептеген америкалық Джонс Хопкинс университетінің тұжырымы бойынша, елде 299 мыңнан астам адам Covid дертіне шалдыққан. Әлемде 130 миллиондай адам коронавирус жұқтырып, 3,8 миллионы осы аурудан көз жұмды.