04 қыр, 2023 сағат 15:25

Түркияда жол апатынан атыраулық журналист көз жұмды

Сурет Денге газетінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қазақстандық журналист Арайлым Бағытжан Түркияның Анталья қаласында жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы Атырау облысының әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Facebook желісінде хабарлады.

"Антальядан суық хабар келіп жатыр...

Белгілі журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр.

Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен арада келісімдер жүргізіліп, ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын" - деп жазды ол.

Айта кетейік, Антальядағы ірі жол-көлік оқиғасынан үш адам көз жұмып, 17 адам жарақат алды. Оның алтауы - Түркия, жетеуі - Израиль, екеуі - Ресей, екеуі - Қазақстан азаматтары.