«Бала – бауыр етің» деген екен қазекем. Өзектерін жарып шыққан құлыншағының шыбын жаны шырқыраған кездегі ата-ана қиналысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Мұратсайлық балғын Бақытнұрға аудан орталығында сүзек диагнозы қойылған. Дегенмен ақ халаттылар оның қан құрамынан кератин байқалғанын айтқан. Халі нашарлай бастағасын ол дереу санавиация арқылы облыстық көп бейінді балалар ауруханасына жеткізіледі. Бұл жерде Бақытнұрдың бүйрек мүшесі толық жетілмегені анықталып, квота арқылы Астанадағы «Ана мен бала» ғылыми орталығына жіберіледі. Онда балақайдың екі бөтекесі де семіп бара жатқаны дәлелденіп, дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрғанын жасырмайды.
Ал бұл ата-ана үшін сөзбен айтып жеткізе алмас ауыр жағдай еді. Кеше ғана жарық дүние есігін ашқан періште сәбидің денсаулығында мұндай кінәрат болады деп кім ойлаған?! Өлім мен өмір арпалысы… Ойлануға мұрша бергізбейтін әр минуттың сыртылы Бақытнұр үшін өте маңызды тұғын. Донор іздеу қажеттілігі туғанда, ата-аналарының денсаулықтары тексеріліп, бөтеке мөлшері кішкентай болғандықтан, тек анасы Сымбаттың сол жақ бүйрегі ұлының оң жағына үйлесімділігі айтылады.
Осылайша, өте күрделі ота да сәтті аяқталып, қазір екеуі де аман-есен ауылға оралды. Балапаны үшін басын бәйгеге тіккен Сымбаттың ісін ерлік емес деп көр! Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Қазіргі күні оларға аудандық аурухананың дәрігерлері де қолдан келген көмектерін ұсынып, ақыл-кеңестерін айтуда.
Иә, бәрі де Жаратқанның әмірі. Медицинаның қарыштап дамып келе жатқанын шалғайдағы ауыл адамдары да сезіне бастады. Тек Алла Тағала енді Бақытнұрдың өмірін ұзақ қылғай!
Елімізде ағза алмастыру оталары 30 жылдан астам бойы жасалып келеді. Жүрек, бауыр трансплантациясын жасау медицинада үлкен жетістік саналады.
Ал біздің ауданда ол – алғаш рет кездесіп тұрған жәйт. Несін жасырамыз, ай сайын Астана қаласына тексеріске баратын олардың алатын дәрі-дәрмектерінің құны да аспандап тұр.
Осындайда мейірімді де қайырымды жандар қолұшын созса ғой дейсің, шіркін… Ондай көмекке перзенттері үшін шырылдаған Сымбат пен Руфаттың өте мұқтаж екенін айтпасқа амалымыз жоқ.
Гүлнар ҚАДЫРОВА,
Бөкей ордасы ауданы
"Орал өңірі" газеті