09 нау, 2022 сағат 12:12

Аманжол Әлтай Мәжілістің қай комитет құрамына кіргені белгілі болды


"Аманат" партиясының депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына кірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Құрметті әріптестер, қатарымыз жаңа депутатпен толықты. "Аманат" партиясының тізімі бойынша Аманжол Әлтай Мәжіліс депутаты болып тіркелген", - деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

Ол Әлтайды ант қабылдауға шақырып, кейін депутаттардан оның комитет құрамына кіруіне дауыс берулерін сұрады.

"Келіп түскен өтінішке байланысты Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне депутат Аманжол Әлтайды сайлауды сұраймын. Аманжол Дүйсенбайұлы - қазақстандық филолог, ақын-импровизатор, айтыс шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сондай-ақ, ұстаздық тәжірибесі мол, рухани-мәдени құндылықтарды, ұлттық өнерді насихаттауға, гуманитарлық ғылым мен білімді дамытуға зор үлес қосты", - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмиля Нұрманбетова. 

Депутаттар бұл бастаманы қолдап дауыс берді.