09 шіл, 2025 сағат 09:24

Алматының театр ұжымы Қазақстан атынан XVII Чехов фестиваліне қатысады

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстаннан жалғыз өкіл ретінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры әлемдегі ең әйгілі театр форумдарының бірі А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық фестивальге ресми түрде шақырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

«Алатау» театры 8-9 шілде күндері Мәскеудегі Моссовет атындағы Мемлекеттік театр сахнасында «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» атты эпикалық саундрамасын қояды.

Қойылымда Бейбарыстың құлдықтан бастап Мысыр сұлтанына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Спектакльде ұлттық нақыштағы жанды музыка, жекпе-жек көріністері мен Құран сүрелерінің оқылымы үйлесім тапқан.

2024 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай туындының тұсауы кесілген. Қойылым құрамында 85 артист өнер көрсетеді. Басты рөлді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әсет Есжан сомдайды.

Биылғы фестивальге 12 елден 13 театр қатысады. Олардың қатарында Қытай, Франция, Армения, Бразилия, Үндістан, Иран сынды елдер бар.

Чехов фестивалінен кейін «Алатау» театры өнер сапарын жалғастырып, 2025 жылы Франциядағы Off Avignon фестивалінде бақ сынайды.